Қазақстандық пара пауэрлифтинг шеберлері әлем кубогінде топ жарды – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Қазақстандық пара пауэрлифтинг шеберлері әлем кубогінде топ жарды


Естеріңізге сала кетейік, паралимпиада ойындары қарсаңындағы соңғы турнир маусым айының 20-26 аралығында өтті

 

Қазір әлем осы жылдың көптен күткен Париж додасын жіті бақылап, жазғы ойындарға баруды мақсат екен спортшылардың  лицензиялық турнирдегі нәтижесіне куә болуда. Төрт жылда бір рет алауы тұтанатын бұл байрақты бәсеке биыл Франция төрінде өтетін болды. Дайындықтарын шыңдап, жеңіске деген сеніммен қайраттанатын спортшылар тынымсыз еңбек етіп, жолдама иеленер соңғы іріктеу турнирлерінде барын салып жүр. Солардың қатарында ел намысын арқалайтын қазақстандық пара пауэрлифтинг шеберлері де бар. Грузияның Тбилиси қаласында өтіп жатқан пара пауэрлифтингтен әлем кубогі отандастарымыз үшін сәтті жалғасып келеді. Олар 72 мемлекеттен қатысқан 330 спортшы арасында  жолдаманы сарапқа салып, ақтық рейтингтік жарыста тамаша нәтижелерімен қуантуда.

Сайыстың алғашқы күнінен-ақ намысты қолдан бермей, жерлестеріміз бес бірдей медальді қоржынға салды. 49 келі салмақ дәрежесіндегілер бойынша өнер көрсеткен Фархат Мутунов  1-орынды еншілеп, үш тәсілдің ұпай санының қорытындысы бойынша 2-орынға табан тіреді. Ересектер арасында 49 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Ерболат Карибай үш тәсілдің ұпай санының қорытындысы бойынша 3-орынға ие болды. Ал әйелдер арасында 45 келіге дейінгі салмақта Тұрсынай Қабыл қола медаль алды. Осынау күрделі спортты жанына жақын тұтқан Тұрсынай  үш тәсілдің ұпай санының қорытындысы бойынша 2-орын иеленіп, әлемдік рейтингте жетінші сатыға көтерілген еді. Сонымен бірге, ол – жолдамаға үміткер спортшылардың қатарында.

 Жарыстың соңғы екі күнінде өткен бәсекеде де мықтыларымыз ерекше қырларынан танылды.  Жастар арасында өнер көрсеткен Али Галимулин ел қоржынын екі бірдей алтынмен толықтырды. Бұл үздік көрсеткішті Айжан Беримкулова  үш тәсілдің ұпай санының қорытындысы бойынша 3-орынмен жалғастырды. Сондай-ақ, 73 келіге дейінгілер арасында Раушан Қойшыбаева да өнер көрсетті. Үш тәсілдің қорытындысы бойынша қола жүлдегер атанған ол «Legend» санатының үздік есебінде қос алтын жеңіп алды. Сегіз үздіктің қатарынан көрінген ол – лицензияға үміткерлердің бірі.

206 келідегі штанга тартқан Рахметжан Хамаев та пара ойындар рейтингіндегі үздік сегіздіктің ішінен көрініп, жолдама кандидаты атанды.

Шакиев Станиславтың бұл сында айы оңынан тумағанымен, пара ойындар рейтингінде 7-орында. Яғни ол алдағы жазғы ойындардың лицензия иегері атануына толық мүмкіндігі бар спортшы.

 «Әлем кубогі жоғары деңгейде өтті. Паралимпиада ойындарына іріктеудің соңғы кезеңі болғандықтан, әлемнің түкпір-түкпірінен мықты спортшылар қатысқан сайыс болды. Әлемдік рекордтар жаңарып, бәрі де нәтижелерін күшейтті. Ал Давид Дегтяров жолдама алудағы шарттарды түгел орындап, өз салмақ дәрежесінде көш бастап тұр. Күткендей-ақ, бәсекелестік деңгейі жоғары болды. Қарсыластарымызды бөліп жарып айта алмаймын. Әрқайсысы өз салмағында үздік. Тұрақты мықтылардың қатарында ҚХР, Иран, Ирак, БАЭ, Бразилия, Украина сынды тағы да басқа мемлекеттер бар.

  Иә, биылғы жарыс кестеміз тығыз болды. Екі бірдей сынға қысқа мерзімде дайындалу физикалық, психологиялық тұрғыда қиын болғанымен, тәртіп бәріне ортақ. Спортшыларымыз Паттайядағы көрсеткіштерін Грузиядағы әлем кубогінде жаңартты », – дейді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының команда басшысы Ұлан Ануар сөзін түйіндеп.

 28 тамыз бен 6 қыркүйек арасында өтетін паралимпиада ойындарына дайындық қызу. Белгілі болғандай, отандық спортшыларымыздың лицензиялық турнирдегі қарсыластарының осалы жоқ. Олардың арасында Токио – 2020 бақ сынаған Қытай, Нигерия, Иордания, Иран, Малайзия, Мысыр елдері де бар. Дегенмен, біздің спортшыларымыз бәсекеге қабілетті екендерін тағы бір дәлелдеп, бұл сыннан да сүрінбей өтті!

 

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

twenty − 10 =