13 – 15 қыркүйек аралығында Алматы қаласында пара жеңіл атлетикадан жастар арасында өткен ел біріншілігі өтті. Бұл жарыста еліміздің 11 өңірінен (Атырау, Алматы, Алматы облысы, Шымкент, Түркістан облысы, Қарағанды облысы, Абай облысы, Жетісу облысы, Ақтөбе облысы, Павлодар облысы, Қостанай облысы) 60-қа жуық спортшы бақ сынады. Чемпионат 100 м, 200 м, 400 м, 800 м, 1500 м қашықтыққа жүгіру, ұзындыққа секіру, найза лақтыру және диск лақтыру сынды дисциплиналары бойынша өтті. Турнирдің басты мақсаты – үздік спортшыларды анықтап, ұлттық құрама қатарын жасақтау.
«Чемпионатқа 14 – 21 жас аралығындағы тірек-қимыл аппараты және көру мүшесі зақымдалған спортшылар қатысты. Бұл жарыс елімізде екінші рет ұйымдастырылуда. Аталмыш дода алғаш рет 2023 жылы өткізіліп, 40 – қа жуық спортшы бақ сынады. Биыл бұл бәсекеге 60 – қа жуық спортшы қатысты. Қатысушылар санының артуы, еліміздегі пара жеңіл атлетиканың қарқынды дамып келе жатқанындығының көрсеткіші деп есептеймін.
Қазақстанда бұл спорт түрінің дамуының тағы бір дәлелі, Францияда өткен XVII Паралимпиада ойындарында ядро лақтырудан F36 классында ел қоржынына қола медаль сыйлаған Дастан Мұкашбековтың жеңісін атап өтуге болады. Дастанның бұл жеңісі еліміздегі жас пара спортшыларды жаңа жетістіктерге жетелейтіндігіне сенімдімін», – деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының пара жеңіл атлетика спорт түрінің бастығы Мәулен Нәсіпқали.Айта кетейік, пара жеңіл атлетикадан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында жалпы командалық есепте бірінші орынды Атырау облысы, екінші орынды Алматы облысы, ал үшінші орынды Алматы қаласы иеленді.