Астана қаласындағы инклюзивті спорт кешенінде боччадан ел чемпионаты аяқталды. Жарыс топтық және жұптық ойын түрлері бойынша өтті. Аталмыш бәсекеге еліміздің 13 өңірінен 80-ге жуық спортшы қатысты.
«Боччадан жұптық және топтық ойын түрлері бойынша жарыс алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін өткен турнирлер тек жекелей сында ғана өткен болатын. Жекелей жарысқа қарағанда топтық ойын ойнау әлдеқайда қиынырақ. Себебі мұнда әр спортшыға небәрі 2 доптан беріледі. Яғни, 4 минуттың ішінде спортшылар қарсыластың джегінен асып түсіп, өз позициясын қорғап қалуы керек. Оған қоса, әр спортшы тек өзі үшін ғана емес, командаласы үшін де жоғары жауапкершілік арқалайды. Екеуінің ойын шеберлігі командалық ұпайға тікелей байланысты болғандықтан, бұл бірлесе жұмыс істеуді үйретеді. Бұдан бөлек, бұл формат еліміздегі бәсекелестіктің деңгейін арттырып, спортшыларымыздың халықаралық жарыстарға дайындығын күшейтетініне сенімдіміз»- деді боччадан Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының команда басшысы Мерей Бигарин.
Айта кетейік, боччадан Қазақстан Республикасының чемпионаты 20-22 қараша аралығында өтті.