Бүгін, 23-ші қарашада Астана қаласындағы пара велоспорттан тректегі Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды.Жарысқа тірек-қимыл аппараты, көру қабілеті зақымданған және зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар І, В, С класстары бойынша бақ сынады.
Олар жекелей сында 200 м спринт, 4000 м із қуу, 1000 м және 750 м командалық спринтте өнер көрсетті.
«Бұл тректегі пара велоспорттан алғаш рет ұйымдастырылған ел біріншілігі. Жарысқа 14 жастан жоғары спортшылар қатысты. Чемпионаттың нәтижесі бойынша жалпы командалық есепте бірінші орынды Астана қаласы, екінші орынды Алматы қаласы және үшінші орынды Қостанай облысы алды. Аталмыш бәсекеде үздік өнер көрсеткен спортшылар алдағы уақытта пара велоспорттан халықаралық жарыстарда ел намысын қорғау үшін Қазақстан командасының қатарына іріктелетін болады»,-деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының пара велоспорттан команда басшысы Дархан Көшербаев.
Айта кетейік, пара велоспорттан Қазақстан Республикасының чемпионаты 20-23 қараша аралығында өтті. Жарысқа Астана мен Алматы қалалары және Қостанай, Қарағанды, Қызылорда және Абай облысының командалары қатысты.