V Азия Пара ойындары: Қазақстан спортшылары екінші жарыс күнінде 10 жеңіске жетті

V Азия Пара ойындары: Қазақстан спортшылары екінші жарыс күнінде 10 жеңіске жетті

V Азия Пара ойындарының екінші жарыс күнінде Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары пара үстел теннисі мен боччадан сынға түсті. Екі спорт түрі бойынша қазақстандықтар жалпы 10 жеңіске жетті.

Пара үстел теннисінен сегіз жеңіс

Пара үстел теннисінен топтық кезеңде қазақстандық спортшылар 18 кездесу өткізіп, сегізінде жеңіске жетті.

Марат Суртубаев Үндістан өкілі Чогуле Даттапрасадты, Әли Махулбеков Вьетнам спортшысы Фам Минь Туанды, ал Талғат Ерекеев пәкістандық Әли Мухаммад Заинды 3:0 есебімен жеңді.

Алтынай Ержанқызы Вьетнам өкілі Нгуен Тхи Хоа Фыонгты 3:1 есебімен ұтса, Азамат Оразбек Непал спортшысы Рай Бибектен дәл осындай есеппен басым түсті.

Аружан Ғиниятова Оңтүстік Корея өкілі Ян Бок Сунды 3:2 есебімен жеңді. Сондай-ақ Ардақ Нұрмағамбетов Үндістан спортшысы Мадан Джеханмен өткен тартысты кездесуде 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Ал Антонина Рогова Таиланд спортшысы Вангпрачум Пронвимол жарысқа шықпағандықтан, техникалық жеңіске ие болды.

Өзге кездесулерде Балзия Таш екі рет, Игорь Худяков, Азамат Оразбек, Раушан Орынбаева, Аружан Ғиниятова, Әли Махулбеков, Талғат Ерекеев, Ардақ Нұрмағамбетов және Александра Степанова қарсыластарына есе жіберді.

 

Боччадан Итана Шыңғысханова екі кездесуде жеңіске жетті

Боччадан жекелей сында Итана Шыңғысханова екі қарсыласын жеңді. Ол алғашқы кездесуінде Қытай спортшысы Донг Линнен 5:1 есебімен басым түссе, екінші ойында Моңғолия өкілі Давхарбаяр Дагмидманы 5:4 есебімен ұтты. Келесі кездесуде қазақстандық спортшы Гонконг өкілімен бақ сынайды.

Ерлер арасында Алмат Ерхат Индонезия спортшысы Сиафа Мухамадқа 3:4 есебімен есе жіберді. Азамат Аязбаев Қытай өкілі Дженг Юансеннен 0:15 есебімен жеңілді. Ал Эльмира Мусралиева Иран спортшысы Мариам Малекифалахқа 2:3 есебімен жол берді.

Алдағы кездесулерде Алмат Ерхат Гонконг, Азамат Аязбаев Таиланд пен Малайзия, ал Эльмира Мусралиева Таиланд, Қытай және Гонконг спортшыларымен кездеседі.

Айта кетейік, бочча жарысына 22 елден 85 спортшы қатысуда. Қазақстан намысын бес спортшы қорғап жатыр. Алда ұлттық құрама спортшылары жекелей сынмен қатар жұптық және командалық жарыстарға қатысады.

V Азия Пара ойындарының ресми ашылу салтанаты 18 қазанда Нагоя қаласында өтеді. Қазақстан атынан дүбірлі додаға 12 спорт түрінен 150 спортшы қатысуда. Жарыстар 24 қазанға дейін жалғасады.

Жаңалықпен бөлісу

Пайдалы сілтемелер

Паралимпиада спортының барлық жаңалықтары Сурдлимпиада спортының барлық жаңалықтары IWAS барлық жаңалықтары