13-18 маусым аралығында Алматы облысында тірек-қимыл аппараты,көру органдары зақымданған және зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасында Қазақстан Республикасының VII Спартакиадасы аясында пара жеңіл атлетика мен пара оқ атудан жарыстар өтті.
Пара жеңіл атлетика бәсекесіне биыл елдің түкпір-түкпірінен 250-ден астам спортшы жиналды. Олар әртүрлі қашықтыққа жүгіру, ұзындыққа секіру, диск, найза және ядро лақтыру сынды сайыстарда өз күштерін сынады.
«Биылғы Спартакиадаға пара жеңіл атлетикадан еліміздің 19 өңірінің спортшылары қатысты. Жарыстар 3 категорияға бөлінді. Яғни жүлделер тірек-қимыл аппрраты зақымданған, көру және зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасында сарапқа салынды. Спортшылар арасындағы бәсекелестік өте жоғары болды. Бұл – елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың спортқа деген қызығушылығының артқанын көрестіп отыр. Осы республикалық спартакиаданың негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі тұлғалар арасында бұқаралық және кәсіби спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және ұлттық құрамаларға спортшыларды іріктеу болып келеді», – деді пара жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Тахир Мамашаев.
Пара жеңіл атлетикадан өткен жарыстарда тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасындағы командалық есепте Атырау облысы топ жарып, бірінші орыннан көрінді. Қостанай облысы екінші орынды иеленсе, үшінші орынға Алматы қаласының командасы жайғасты.
Көру қабілеті зақымданған спортшылар арасындағы жалпыкомандалық есепте Алматы облысы үздік деп танылып, көш бастаса, Ақтөбе облысы екінші, ал Ақмола облысы үшіншіорынды иеленді.
Зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасындағы тартысты додада Алматы қаласының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, бірінші орынды иеленді. Екінші орынға Ақтөбе облысы, үшінші орынға Алматы облысы тұрақтады.
Ал пара оқ ату жарысына 11 өңірден 60-тан астам спортшы қатысты. Төрт күнге созылған бұл додада жекелей, жұптық және аралас жұптық дисциплиналар бойынша жүлделер сарапқа салынды. Сайыстың мәртебесін арттырған спортшылардың қатарында Париж-2024 Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Еркін Ғабасов та болды.
«Осындай үлкен республикалық жарыстарға жыл сайын ерекше дайындықпен келеміз. Себебі мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мықты спортшылармен бақ сынасу – өз алдына үлкен тәжірибе. Жарыс деңгейі жылдан-жылға артып келеді. Бұл – отандық пара спорттың дамып келе жатқанын көрсетеді. Мен үшін бұл жарыс – тек медаль үшін күрес қана емес, сондай-ақ өз шеберлігімді одан әрі шыңдау мүмкіндігі», – дейді Еркін Ғабассов.
Пара оқ ату спортынан өткен командалық есепте бірінші орынды Астана қаласы, екінші орынды Қостанай облысы және үшінші орынды Павлодар облысы иеленді.
Айта кетсек, дене мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы Қазақстан Республикасының VII Спартакиадасы 1-29 маусым аралығында өтуде. Ауқымды жарыс еліміздің бес өңірде ұйымдастырылып, спорттың 17 түрін қамтыды. Бұған дейін Астанада пара таеквондо, пара дзюдо, бочча, пара би, пара каратэ, пара садақ ату және отырып ойнайтын волейболдан жарыстар мәресіне жетсе, Көкшетауда дойбы мен шахмат, Таразда пара пауэрлифтинг бәсекелері өткен болатын.
Алдағы күндері Таразда голбол мен пара жүзу, Көкшетауда тоғызқұмалақ, ал Өскеменде пара үстел теннисі мен пара велоспорттан жарыстар жалғасатын болады.
