19-24 маусым аралығында Тараз қаласында тірек-қимыл аппараты,көру органдары зақымданған және зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасында Қазақстан Республикасының VII Спартакиадасы аясында голбол мен пара жүзуден жарыстар өтті.
Голболдан жарыс Тараз қаласындағы үстел теннисі мен гимнастика орталығында ұйымдастырылды. Голболдан өткен сайысқа 11 ерлер және 7 әйелдер командасы қатысты.
«Биыл Спартакиада бағдарламасына голболдан әйелдер құрамалары алғаш рет қосылды. Бұл елімізде голбол спорт түрінің дамуына жасалған маңызды қадам. Командалар жарысқа тыңғылықты дайындықпен келіп, жоғары деңгейде ойын көрсетті. Жарыс нәтижесінде ерлер арасында бірінші орынды – Алматы қаласының құрамасы, екінші орынды – Қарағанды облысы, үшінші орынды – Жамбыл облысы иеленді.Әйелдер арасында Маңғыстау облысы командасы жеңімпаз атанды, Алматы облысы – күміс, ал Шымкент қаласы – қола жүлдегер болды», –деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының голбол спорт түрінен аға-жаттықтырушысы Андрей Шпехт.
Пара жүзу жарысы «Тараз-Арена» спорт кешенінде өтті. Оған еліміздің 18 өңірінен 150-ге жуық пара спортшы қатысты.
«Жарыста тірек-қимыл аппараты, көру органдары зақымданған және зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар жекелей және командалық дисциплиналар бойынша сынға түсті. Биыл Спартакиада бағдарламасына алғаш рет интеллектуалдық даму ерекшелігі бар спортшылардың (S14 санаты) категориясы қосылды. Аталмыш бәсекеде пара спортшылар жеке рекордтарын жаңартып, жоғары нәтижелер көрсетті»-,деді Айдар Картпаев
Пара жүзуден жарыстың нәтижесінде, жалпы командалық есеп бойынша:тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында Жамбыл облысы жеңімпаз атанды. Шымкент қаласы күміс, ал Қарағанды облысы қола жүлдеге ие болды.
Көру органдары зақымданған спортшылар арасында Ақмола облысы – бірінші, Қарағанды облысы – екінші, ал Алматы қаласы үшінші орынды алды.
Зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасында Алматы қаласы жоғары нәтиже көрсетіп, чемпион атанды. Астана құрамасы екінші, ал Павлодар облысы үшінші орынға жайғасты. Тартысты доданың қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен спортшылар ұлттық құрама қатарына іріктелетін болады.
Қазіргі таңда Өскемен қаласында пара үстел теннисі мен пара велоспорттан, ал Көкшетау қаласында тоғызқұмалақтан жарыстар өтіп жатыр.



