Қазақстан Республикасының VI жазғы Паралимпиада ойындары өз мәресіне жетті – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Қазақстан Республикасының VI жазғы Паралимпиада ойындары өз мәресіне жетті


2023 жылдың 10-29 мамыр аралығында Алматы, Астана және Ақтөбе қалаларында өткен тірек қимыл аппараты және көру қабілеті зақымданған спортшылар арасында Қазақстан Республикасының алтыншы жазғы Паралимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Жарысқа еліміздің 20 өңірінен, 10 спорт түрінен, 1000-нан астам спортшы қатысты.

Аталмыш жарыстың нәтижесі бойынша жалпы командалық есепте 44 алтын, 15 күміс және 10 қола медальмен бірінші орынға Қарағанды облысы шықты.  Екінші орынға 35 алтын, 9 күміс және 9 қола медаль нәтижесімен Атырау облысы шықты. Ал 24 алтын, 16 күміс және 6 қола медальмен Ақтөбе облысы үздік үштіктің қатарына енді.

«Қазақстан Республикасының паралимпиада ойындары төрт жылда бір рет өтетін ірі спорттық шара. Оның басты мақсаты дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғалар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, елімізде паралимпиадалық спорт түрлерін дамыту және үздік өнер көрсеткен спортшыларды ұлттық құрама сапына іріктеу. Биыл Паралимпиада жарыстарына еліміздің барлық өңірінен әртүрлі жастағы спортшылар қатысты. Олардың арасында ең жас спортшы 16-да болса, ең жасы үлкен спортшы 78-де болды. Қатысушылардың араcында Рио-2016 Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Зульфия Габидуллина, Токио-2020 Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Давид Дегтярев, Токио Паралимпиада ойындарының жүлдегерлері Ануар Сариев пен Нұрдаулет Жұмағали, пара дзюдодан әлем чемпиондары Ақмарал Науатбек, Ерғали Шамей және одна да басқа ірі халықаралық жарыстардың жеңімпаздары болды.

Биылғы ойындардың барысында пара жеңіл атлетика (247 спортшы), пара үстел теннисі (157 спортшы) және пара жүзу (124 спортшы) спорт түрлерінен ең көп адам саны қатысты. Осы шараның аясында алғаш рет елімізде Т-64 классы бойынша протезбен жүгіруден жарыстар өтті. Оған қоса, Паралимпиада ойындарының барысында еліміздің 9 рекорды жаңартылды.  Ал, Қарағанды облысы екінші рет Паралимпиада ойындарының жеңімпазы атанып отырғанын атап өту орынды. 

Осы жарыстарда үздік өнер көрсеткен спортшылар ұлттық құрама сапына іріктеліп, алда келе жатқан  Ханчжоу-2022 IV Пара Азия ойындары мен XVII жазғы Паралимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік алады. Алдағы жарыстарға спортшылардың ұтымды дайындалуына мемлекетіміздің тарапынан барлық жағдай жасалған.

Паралимпиада ойындарына белсенді қатысқан спортшыларға және ұйымдастыруға көмек көрсеткен өңірлерге ризашылығымды білдіремін. Әсіресе 4 спорт түрінен жарыстарды және шараның ресми ашылуы мен жабылуын өткізуге ат салысқан Ақтөбе облысына алғыс білдіремін»,- деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының директоры Мейрамбек Махамбетов.

«Осы Паралимпиада ойындары мен үшін өте қызықты өтті. Мықты спортшылардың арасында өз күшімді сынауға мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Осы жарыстарда мен бірінші рет S4 классында өнер көрсеттім. Осы класстағы ең мықты спортшыны ұтып, жаңа жетістікке шықтым», деп қуанышымен бөлісті Мейірбек Өтепов, пара үстел теннисінен ұлттық құрама спортшысы.


Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

5 × 5 =