Өзбекстан 1-2 ақпан аралығында Ташкент қаласында тірек-қимыл аппараты мен көру қабілеті зақымданған спортшылар арасында армрестлингтен өткен Әлем кубогында Қазақстан құрамасы 85 алтын, 93 күміс және 68 қола медаль жеңіп алды. Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы бірінші, Өзбекстан командасы екінші, ал Ресей құрамасы үшінші орын алды.
«Қол күрестен Әлем кубогында бәсекелестік жоғары деңгейде болды. Жарыста ерлер – 33, әйелдер – 14, жасөспірімдер – 13, жастар – 6 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Осы додада еліміздің өңірлерінен 120 спортшы ел намысын қорғады. Биыл мамыр айында паралимпиадалық емес армрестлингтен Азия чемпионаты және қыркүйекте Әлем чемпионаты жоспарланған. Аталған жарыстарда да спортшыларымыз жоғары нәтижелерге қол жеткізеді деген үміттеміз», - деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының әдіскері Абай Ахметов.
Айта кетейік, қол күрестен Әлем кубогына 25 елден 500-ге жуық спортшы қатысты.