Бүгін, 10-шы тамызда Алматы қаласында жеңіл атлетикадан және Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау орталығында жүзуден Қазақстан Республикасының сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша IV Спартакиадасының алғашқы жарыстары басталды. Іс-шараның ашылу салтанатына Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының спорт инфрақұрымылымының ұлттық және бұқаралық спорт түрлерін дамыту бөлімінің басшысы Дулатбек Құсбеков, Алматы облысының бұқаралық спорт клубының басшысы Қайыржан Бейсембетов, Алматы облысының Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының басшысы Мерей Айнеков, Олимпиадалық даярлау орталығының директоры Андрей Макоров пен орынбасары Ермахан Ыбраймов, сурдо жүзуден жарыстың бас төрешісі Гульмира Айгужинова мен Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының директоры Болатбек Дукетаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Биыл төртінші мәрте ұйымдастырылып отырған Спартакиада – еліміздегі есту қабілеті зақымданған тұлғалар арасында сурдлимпиадалық спортты дамытуға бағытталған маңызды спорттық дода. Жыл өткен сайын жарыстың ауқымы кеңейіп, оған қатысатын спортшылар мен өңірлер санының артып келе жатқаны ерекше қуантады. Биыл еліміздің 18 өңірінен 1500-ден астам спортшы бас қосып, 274 медаль жиынтығы үшін бақ сынайды. Бұл – сурдлимпиадалық спорттың елімізде қарқынды дамып келе жатқанының айқын көрінісі. Осындай ауқымды жарыстар жаңа есімдердің танылуына, дарынды спортшылардың анықталуына және олардың болашақта халықаралық ареналарда ел намысын қорғауына жол ашады. Барша спортшыларға сәттілік, тартысты бәсеке және жоғары нәтижелер тілеймін!», – деді Болатбек Дукетаев.
Айта кетейік, төрт жылда бір рет өтетін спорттық іс-шара еліміздің үш өңірінде 10 спорт түрі бойынша өткізіледі. Атап айтқанда 10-12 тамыз аралығында Алматы қаласында сурдо жеңіл атлетика, 10-15 тамызда сурдо жүзу, Орал қаласында 17-25 тамыз күндері шахмат, бадминтон, үстел теннисі, дзюдо, таеквондо, футбол, еркін және грек-рим күресі спорт түрлерінен
жарыстар ұйымдастырылады. Жарыстың ашылу салтанаты – 17-ші тамызда, ал жабылу рәсімі 25-ші тамызда Орал қаласында өтеді.
Ақпарат үшін:
Қазақстанда есту қабілеті зақымданған спортшыларға арналған
алғашқы Спартакиада 2014 жылы 5 спорт түрінен өтті. Оған 400спортшы
қатысты. Содан бері Спартакиада тұрақты түрде төрт жылда бір рет
ұйымдастырылады:
I Спартакиада (2014 ж.Алматы қ) — 400 қатысушы, 5 спорт түрі.
ІІ Спартакиада (2018 ж.Ақтөбе қ) — 1000-жуық қатысушы, 11 спорт
түрі.
ІІI Спартакиада (2022 ж.Шымкент қ) — 800-ден астам қатысушы, 11 спорт
түрі.