Сурдлимпиада 2025: тоғызыншы жарыс күннің қорытындысы

Сурдлимпиада 2025: тоғызыншы жарыс күннің қорытындысы

Бүгін XXV-ші жазғы Сурдлимпиада ойындарының тоғызыншы жарыс күні мәресіне жетті. Ұлттық құрама спортшылары еркін күрес, жеңіл атлетика, таеквондо, үстел теннисі, бадминтон және жүзуден сынға түсті. Еркін күресте Қазақстан құрамасы 5 медаль жеңіп алды: бір «алтын», бір «күміс» және үш «қола». Шадияр Пернеш (65 кг) финалдық белдесуде ирандық Кейван Ростамабадиді 4:2 есебімен жеңіп, Сурдлимпиада чемпионы атанды. Габит Есжанов (57 кг) финалда ирандық Мохаммад Шиавошимен белдесіп, 6:15 есебімен есе жіберді. Осы нәтижемен ол Сурдлимпиаданың күміс жүлдегері атанды. Ғасыр Тұрғынбай (74 кг) алдымен бейтарап спортшы Алексей Калесныйды 22:8, кейін украиндық Денис Трегубенконы 11:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, қола медаль иеленді. Сабыржан Рсалы (86 кг) грек балуаны Николаос Иосифидисті 16:5 есебімен ұтып, қола жүлдені қанжығасына байлады. Хайратхаан Шонку (125 кг) үндістандық Ган Шьямды 12:1 есебімен техникалық басымдықпен жеңіп, қола медаль иегері атанды. Бексұлтан Малайдар 97 келіге дейінгі салмақтағы қола жекпе-жегінде ирандық Ерфан Саттариге жол беріп, жарысты аяқтады. Үстел теннисінен командалық бәсекеде Қазақстанның ерлер құрамасы қола медаль иеленді. Ұлттық құрама командалық дисциплинадағы топтық кезеңде Колумбияны – 3:0, Польша құрамасын – 3:1, ал ширек финалда Үндістанды 3:0 есебімен жеңді. Жартылай финалда Қытай командасымен кездесіп, 0:3 есебімен есе жіберді. Командалық сайыста ұлттық құрама сапында Қанат Конкубаев, Данияр Ескендиров, Бижан Тулебаев және Бүркітбай Абылай өнер көрсетті. Таеквондода Аида Макатова (-67 кг) Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Аида алғашқы қарсыласы — өзбекстандық спортшыға 0:2 есебімен есе жіберсе, жұбаныш жекпе-жегінде ирандық Иари Шабнамды 2:1 есебімен жеңіп, қола медаль иеленді. Виктор Фрундин (+80 кг) алғашқы жекпе-жекте өзбекстандық Достикбек Тошмирзаевты 2:0 есебімен жеңсе, келесі кездесуде түрік спортшысы Бурхан Шимшекке 1:2 есебімен есе жіберді. Жұбаныш кездесуде қытай спортшысы Хи Тайцзунға 1:2 есебімен ұтылып, 5-орынды иеленді. Мөлдір Мукашева (+67 кг) мен Руслан Ахметов  (-80 кг) қарсыластарына есе жіберіп, іріктеу кезеңінен өтпеді. Жеңіл атлетикада ұзындыққа секіруден финалда өнер көрсеткен Фаина Мейрманова 5 м 17 см нәтижесімен 8-орынға тұрақтады. 5000 метрлік финалдық жүгіруде сынға түскен Қуаншы Темірбаевқа жүлде бұйырмады. 4х400 метр финалдық эстафетада әйелдер құрамасы 4:45.92 уақытпен мәре сызығын 7-ші болып кесті. Ал 4х400 метр эстафетада ерлер құрамасы 3:27.95 нәтижесімен 6-шы орын алды. Жүзуден спортшылар 100 м шалқалап жүзу, 50 м еркін жүзу, 200 м брасс, 50 м баттерфляй, 1500 м еркін жүзу және 4х100 м еркін жүзумен аралас эстафета бойынша сынға түсіп, іріктеу кезеңдерінен өте алмады. Бадминтоннан командалық сайыста ұлттық құрама Үндістан командасына 0:5 есебімен есе жіберіп, топтық кезеңнен өтпеді. Айта кетсек, XXV-ші жазғы Сурдлимпиада ойындарында Қазақстан қоржынында 25 медаль бар. Оның ішінде 8 алтын, 4 күміс және 13 қола. Ойындар 15-26 қараша күндері Жапонияның Токио қаласында өтіп жатыр. Бұл – төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын, есту қабілеті зақымдалған спортшылар арасындағы ең беделді халықаралық дода. Байрақты бәсекеде 81 елден келген 3 000-ға жуық спортшы 21 спорт түрі бойынша 209 дисциплинада жүлделерді сарапқа салуда. Қазақстан құрамасынан 8 спорт түрінен 78 спортшы қатысуда.

Жаңалықпен бөлісу

Пайдалы сілтемелер

Паралимпиада спортының барлық жаңалықтары Сурдлимпиада спортының барлық жаңалықтары IWAS барлық жаңалықтары