Қазақстандық спортшы Фаина Мейрманова есту қабілеті зақымдалған спортшылар арасында өткен әлем чемпионатында 1м 76 см биіктікке секіріп, бірінші орынға ие болды. Екінші орынды нидерландық Ханна Сураветс (1 м 73 см), ал үшінші орынды украиндық Катерина Потапенко (1 м 67 см) алды.
«Осы нәтижесімен Фаина жасөспірімдер арасында әлемдік рекорд орнатты. Биіктікке секіру дисциплинасы бойынша соңғы әлемдік рекортты Валерия Боровская 1 м 71 см нәтижесімен 2011 жылы Түркия елінде өткен әлем чемпионатында орнатқан болатын. Фаина әлем чемпионатында көрсеткен үздік нәтижесімен 2025 жылы Японияда өтетін Сурдлимпиада ойындарына жолдама алды», – деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының сурдлимпиадалық және паралимпиадалық емес спорт бөлімінің басшысы Ануар Манашев.
Айта кетейік, әлем чемпионаты 17 – 23 шілде аралығында Тайбей қаласында өтті. Байрақты бәсекеге 40 елден 300 – ден астам спортшы сынға түсті. Аталмыш жарысқа ұлттық құрамадан 8 спортшы бақ сынады.