Үздіктерді шығарған үздік бапкерлер – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Үздіктерді шығарған үздік бапкерлер


Биылғы жыл еліміздің паралимпиадалық  спорты үшін олжаға толы болды. Байрақты бәсекелерде пара спортшыларымыз  ел абыройын асқақтатып, жеңіс тұғырынан көрініп, көк байрағымызды биіктен желбіретті. Ел спортшыларын азу тісін балғадай етіп баптаған ұлттық құрама бапкерлерінің еңбегі орасан зор.  Өтіп бара жатқан жылды түйіндеп, әлем және Азия үздіктерін дайындаған бапкерлерді назардан тыс қалдырмай, «Жыл Үздігі – 2023» байқауына іріктелген жаттықтырушыларымыз туралы айта кеткенді жөн көрдік.

Паралимпиадалық спорт түрлерінің үздік жаттықытрушысы номинациясына 4 үміткер қатысып жатыр. Әр қайсысының  ел спорты үшін атқарған еселі еңбегі мол. Атап айтсақ үміткерлер қатарында волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама бапкері Бауыржан Тахауов бар.

 

Бауыржан Тахауов – волейболды отырып ойнаудан Азиядағы білікті бапкерлердің бірі. Соңғы он жылдан астам уақытта ел құрамасын әлемдік деңгейге шығарып, азулы командалардың қатарына қосты. Дүниежүзілік рейтинг бойынша Қазақстан құрамасын үздік  бестікке жеткізді. Биыл елімізде  өткен Азия чемпионатында ел құрамасы Париж-2024 Паралимпиада ойындарына жолдаманы жеңіп алды. Паралимпиадаға тек 8 командаға ғана жолдама беріледі. Сол сегіздікке еліміздің командасы үлкен күшпен, Азияның мықты Қытай командасын ұтып, сенсациялық жеңіспен жетті. Сонымен қатар, Қытайда өткен Азия Пара ойындарында жартылай финалдық бәсекеде Қытай командасын тағы бір мәрте ұтып,  өз шеберліктерін дәлелдеп, Азия құрлығындағы мықты командалардың бірі екендігін көрсетті.

Жалпы Бауыржан Тахауов баптайтын волейболды отырып ойнаудан Қазақстан құрамасының соңғы жылдардағы басты нәтижелеріне тоқталсақ:

 

2017 жыл. Азия чемпионаты. Қытай. Қазақстан құрамасы – күміс жүлдегер.

2018 жыл. Азия ойындары. Индонезия. Қазақстан құрамасы – қола жүлдегер.

2019 жыл. Азия чемпионаты. Тайланд. Қазақстан құрамасы – қола жүлдегер.

2023 жыл. Азия чемпионаты. Астана. Қазақстан құрамасы – күміс жүлдегер.

2023 жыл. Азия Пар ойындары. Қытай. Қазақстан құрамасы – күміс жүлдегер.

 

Келесі үміткер пара дзюдо күресінен еліміздің бас бапкері, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген жаттықтырушысы – Жандос Қиянов.

 

Жандос Қарақожаұлы  жоғары дәрежелі спорт саңлақтарын  даярлауда өз ісінің хас шебері. Қазірде шәкірттері әлем чемпионаты, Азия Пара ойындары және  Паралимпиада ойындарының  чемпиондары мен жүлдегерлері қатарында ел намысын абыроймен қорғауда.

Биыл елімізде тұңғыш рет пара дзюдо күресінен Азия чемпионаты ұйымдастырылды. Байрақты бәсекеде 3 спортшымыз чемпион, 4 спортшы күміс жүлдегер және 3 спортшы қола жүлдеге ие болды. Ал, ерлер және әйелдер құрамалары командалық бәсекеде Азия чемпионатының жеңімпаздары атанды. Сондай-ақ, биылғы жылдың басты додасы Азия Пара ойындарында бапкердің шәкірттері биіктерден көрініп, ел абыройын тағы бір мәрте асқақтатты.  Жарыста Ерғали Шамей, Ақмарал Науатбек және Олжас Оразалыұлы өз шеберліктерін дәлелдеп, алтын медаль иегері атанды. Төрт спортшымыз күміс жүлдені еншілесе, жетеуі қола жүлдеге ие болды.

Жандос Қарақожаұлы  спорт  ізбасарларын даярлау ісіне, еліміздің спортшыларының  жоғары  деңгейлі жетістіктерге қол жеткізуіне қосқан үлесін мақтанышпен айтуға лайықты.

Еліміздің пара спортында медальға ең олжалы спорт түрлерінің бірі пара пауэрлифтинг болып келеді. Келесі үміткер пара пауэрлифтингтен ұлттық құраманың бас бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы – Артур Томицский.

 

Қазақстандағы пара пауэрлифтинг спортының қарқынды дамуы Артур Томицскийдің бас бапкерлігімен байланыстыруға болады. Атап айтқанда шәкірттері қатарында елімізге танымал Рио-2016 Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Раушан Қойшибаева, Токио-2020 Паралимпиада ойындарының чемпионы Давид Дегтярев сыңды споршылар бар. Биылдың өзінде ұлттық құрама Грузияда өткен  әлем Кубогы, Дубайда өткен әлем чемпионатында және Қытайдағы Азия Пара ойындарында  үлкен жетістіктерге жетті. Атап айтқанда әлем Кубогында 32 медаль, әлем чемпионатында 14 медаль және Азия Пара ойындарында 5 медаль еншіледі.

Бапкердің IV Азия Пара ойындарындағы еселі еңбегі бағаланып,  мемлекет басшысы Қысым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатымен марапатталды.

 

Пара жүзу спортындағы жетістіктер де аз емес. Айтулы спорт түрінде еліміздің спортшылары жас аға жаттықытуршы Айдар Картпаевтың басшылығымен бірқатар дүбірлі додаларда сәтті өнер көрсетіп, биік белестерден көрінді.

 

Айдар Қартпаев – су спортында кәсіби спортшы болып, одан кейін бапкерлік қызметке келіп, жас білікті маман ретінде шәкірттерді тәрбиелеуде.  Қазіргі таңда пара жүзуден Қазақстанның  ұлттық құрамасының аға жатытқтырушысы. Биылдың өзінде бапкердің басшылығымен әлем Кубогында спортшыларымыз 1 күміс және 1 қола медаль еншілеп, 2 Азия рекордын жаңартты. Ұлыбританияда өткен әлем чемпионатында қазақстандық Нұрдәулет Жұмағали күміс жүлдегер атанып, Париж-2024 Паралимпиада ойындарына жолдама алды. Азия Пара ойындарында да ел спортшылары жоғарғы жетістіктерге жетіп, 3 алтын және 3 қола медальді еншіледі.  Жас бапкердің еселі еңбегіде мемлекет басшысымен бағаланып, Президенттің  алғыс хатымен марапатталды.


Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

thirteen − 11 =