Қойнауы алтынға толы пара жүзуші – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Қойнауы алтынға толы пара жүзуші


Елімізде паралимпиадалық спорт қарқынды дамып келеді.  Қазірдің өзінде 19 паралимпадалық спорт түрінен еліміз халықаралық жарыстарда биік мінберден көрініп, спортшыларымыз көк байрағымызды тікке көтеруде. Осы пара спорттың ішінде пара жүзу олжалы спорт түрі болып  келеді. Бұл ретте  спортшыларымыз Паралимпиада, әлем және Азия чемпионаттарында жоғары жетістіктерден көрініп, әлемдік деңгейде елімізді таңытуда.

Өз кезегінде пара жүзуден Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Азия Пара ойындарының қос алтын медаль иегері Нұрдәулет Жұмағалимен сұхбаттасудың сәті түсті. Жалынды спортшымыз өзі туралы, пара жүзу спорты және жалпы алдағы жоспарларымен сұхбатта бөлісті.

Қайырлы күн, Нұрдәулет! Сіз пара спортқа қалай келдіңіз? 

Сәлеметсізбе! Сұхбатқа  шақырғаныңыз үшін  алғысымды білдіремін! Жалпы жүзу спортына 11 жасымда әкем алып келген болатын. Басында мен бокс спортына қатысқым келген еді. Алайда  денсаулығым жарамады. Су спортына  кеш барғандықтан алғашқы жаттығуларым  2-3 жасар балалармен өтті. Дегенмен бір жылдан соң өз қатарымдағы балаларға қосылып, оларды оза бастадым. Ол мен үшін сол кездегі үлкен  жетістік болды. Өзіме сенімділік пайда болып, одан да жақсы жүзуге талпындым. Кейін Бауыржан Момышұлы атамызға арналған жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өткен болатын. Сол жарыста өзімнен үлкен балалар болған еді. Бірақ намысты қолдан жібермей барымды салып,  үздік  үштіктен көріндім. Бұл жарыстан кейін  Алматы қаласындағы спорт интернатына шақырту алдым. Содан жүзу спортымен кәсіби түрде айналыса бастадым. Халықаралық турнирлерге қатысып, жүлдегерлер қатарынан үнемі көрініп жүрдім. Сол аралықта Қазақстан Республикасының  спорт шеберлігіне қол жеткіздім. Ал пара спортқа ауысу өмірімдегі маңызды қадамдардың бірі болды. Жалпы менің көзім бала кезімнен нашар көретін. Сөйтіп, жыл сайын спортшыларға өткізілетін медициналық комиссияда менің көзімнің көру қабілеті  күрт нашарлап бара жатқандығын дәрігерлер анықтап, одан әрі кәсіби спортпен айналысуға рұқсат бермеді.  Бірақ бұл  жағдайға мойынбай жаттықытрушымен ақылдаса отырып,  алдағы преспективаларға қарап,   пара спортқа ауысуға шешім қабылдадым.  Осы пара жүзу спортына келгелі еліміздің алғашқы Паралимпиада чемпионы атанған Зульфия Габидуллинаның жаттықтырушысы Бейсембаев Саттар Ерғалиұлының шәкірті болдым. Ол жеке жаттықтырушым болғанына мен мақтанамын. Қазіргі таңда бапкеріммен бірге биік мақсаттарға жету үшін  өз өнерімді шыңдап келемін.

Қытайда өткен Азия Пара ойындарында Сізге финалдық дистанцияға шығуға тыйым салынды. Неге? Осы оқиға туралы айтып өтсеңіз

 Иа, Қытайда өткен Азия Пара ойындарында 100 метрге брасс әдісмен жүзудегі дистанцияда финалға іріктеу кезінде мені жарыстан шектетіп тастады.   Ол шектету төрешінің қателігінен болған жағдай еді. Бұндағы мәселе финалдық бәсеке алдындағы жүзуде мен брасс әдісін дұрыс жасамады деген төрешінің шешімі болды. Сәтімізге орай біздің құрама спортшылары менің жүзгенімді телефон арқылы видеоға түсірген болатын. Ол видеода ешқандай бұзушылық болмағанын анық байқауға болады.  Сол сәтте бапкерлеріміз Саттар Ерғалиұлы мен  Айдар Серікұлы осы шектету бойынша «Протест» – дейді ғой, яғни наразылық жазып, өзіміздің дұрыстығымызды дәлелдеп, бас төрешіге дейін бардық. Төрешілер бәрін қайта қарап шығып, ешқандай бұзушылық жоқтығын растап, сол ақыры финалдық іріктеуге өттік. Мұнда Картпаев Айдар Серікұлы туралы айта кетсек, ол кісі осы пара жүзу спортындағы Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы болып келеді. Ол мәселені шешудегі еңбегі зор болды. Себебі шектетуді жою үшін барлық құжаттарды рәсімдеп,  менің жарысқа шығуыма бар күшін салды.

 Пара спортшылар әрдайым медициналық тексерістерден, классификациядан өтіп, спортқа жарамдылығын дәлелдеп отыру керек. Жалпы бұл жағынан қандай да бір кедергілер бола ма? Тексерістер қалай өтеді?

Халықаралық Паралимпиадалық комитеттің талаптарына сәйкес спорт түрлеріне қатысу үшін спортшы міндетті түрде классификациядан өтіп, қолданыстағы спорттық классты алуы керек. Әр спорт түрінің классификациясының ең төменгі рұқсат етілетін критерийлері болады. Егер спортшы оларға сәйкес келмесе, онда ол жарыстарға жіберілмейді. Жалпы біз  2024 жылға дейін  классификациядан өткен болатынбыз. Негізі шетелде жарыс алдында алғаш рет тексерісті АҚШ-та, одан кейін Токио -2020  Паралимпиада ойындарының алдында, содан кейін  Германияда өткен болатынмын. Келесі жылдың көктемінде Италияда үлкен халықаралық рейтингтік турнир болады. Бұл турнир қарсыңында да классификациядан өтетін боламыз.

Сіз өткен Паралимпиада ойындарына қатысып қола жүлдегер атанған болатынсыз. Жалпы баршаға түсінікті болу үшін  Паралимпиада ойындарына іріктеу қалай өтеді? Сол туралы айта кетсеңіз.

Паралимпиада ойындарына іріктеуден өту үшін бұл ойындар алдында әлем чемпионаттары өтеді. Осы әлем чемпионаттарында 1-ші және 2-ші жүлделі орын алған спортшыларға Паралимпиада ойындарына қатысуға жолдама береді.  Сонымен Паралимпиадалық төрт жылдық цикл аралығында  халықаралық рейтингтік жарыстарға қатысып, бекітілген нормативтерді орындау арқылы лицензияға қол жеткізуге болады.

Сіз өзіңізді қай дистанцияда еркін сезінесіз? Сіздің сүйікті дистанцияныз қандай?

 Менің сүйікті дистанциям  –  100 метрлік брасс әдісі және 200 метрге кешенді жүзу әдісі.  Осы екі дистанцияда Қытайда өткен Азия Пара ойындарында 2 алтын медаль жеңіп алған болатынмын.

Спортпен айналысатын адамдарға жетістіктерге жету үшін қандай кеңес берер едіңіз?

 Алдымен көп  еңбек ету керек. Өйткені спортшы жылдар бойы жасаған еңбектің арқасында ғана  жетістікке жетеді.  Оған қоса спортшы әрдайым ізденіс болу керек: техникалық  және физикалық жағынан болсын бар жаңалықтарды, жаңа ақпараттарды, халықаралық тәжірибелерді өзіне қажет ете білуі тиіс. Осының барлығы спортышыны жетістікке жетелейді.

 Нұрдәулет, уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет! Келер жылы расымен үлкен додалар күтіп тұр. Сізге және пара жүзуден ұлттық құрама спортшыларына тек сәттілік пен жеңіс тілейміз! Жаңа жыл құт береке әкелсін, жаңа жеңістерге толы болсын!

Сұхбатқа  шақырғандарыңызға алғысымды білдіремін! Барша қазақстандықтарды келе жатқан жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық пен бақ береке тілеймін!

 

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

20 − one =