Дастан Мұқашбеков «Парижде-2024 Паралимпиада ойындарына дайынмын» – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Дастан Мұқашбеков «Парижде-2024 Паралимпиада ойындарына дайынмын»


2024 жылғы 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Парижде өтетін XVII Паралимпиада ойындарына Қазақстан ұлттық құрамасы қоржынға 11 жолдама еншіледі. Соның ішінде биыл Францияның төрінде 9 спорт түрінен өнер көрсетпекпіз. Атап айтсақ, пара пауэрлифтинг, пара таеквондо, пара үстел теннисі, пара жүзу, пара дзюдо, пара каноэ, волейболды отырып ойнау, пара оқ ату және пара жеңіл атлетикадан ел намысын қорғауды жоспарлап отырмыз. Соңғысы бойынша, 2023 жылдың шілде айында Парижде өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері атанып,  жазғы ойынға лицензия ұтқан Дастан Мукашбековтың салмақты сара ойын тыңдап, дайындық барысының қалай өтіп жатырғанын білдік. Бала кезден спортты жаны сүйетін ол пара спортпен 2016 жылдан бастап шұғылданып келеді. 33 жасар  отандасымыз жуырда Японияның Кобе қаласында болатын әлем чемпионатында туымызды көкке желбіретпек.

 

  • Спортқа келуіңізге кім ықпал етті?

 

  • Мектеп кезінен спортқа қызығатынмын. Денсаулығыма байланысты қатысу мүмкіндігі болмайтын. Мені қайраттандырған да сол шығар. Кейін көгілдір экраннан пара спортшыларды көріп, «Сен де қатыса аласың» дедім өзіме. Мақсат қойып, жоғары деңгейдегі спортшы боламын деп серт еттім. Алғашында пауэрлифтингпен айналысқым келетінін айттым. Аталған спорт тек Теміртауда болса керек, мені залға шақырып, манежде штанга барын айтты. 1 аптадай жаттығу мақсатында жүгіріп жүрдім. Кейін бапкерлер жеңіл атлетикаға қабілетімді байқап, Шымкентте өтетін Қазақстан чемпионатына қатысуға ұсыныс тастады. Келістім. Қазір жеңіл атлетиканың ішінде ядро лақтырумен айналысамын.

 

  • Жеңіл атлетика сізді несімен қызықтырады?

 

  • Аты жеңіл атлетика болғанымен, заты онай емес. Техникалық, физикалық тұрғыда қиын. Чемпионатта өнер көрсетіп болған соң, басқа спортшыларға жанкүйер болып, қызықтайтынмын. Қазір мені қолдап келетіндердің де саны артты. Атмосферасы ұнайды. Өзімнің дисциплинамды жақсы көремін.

 

  • Ал жарысқа дайындық барысы қалай өтуде? Сол туралы айта кетсеңіз.

 

  • Жаттығуымыз қарқынды жүргізілуде. Алдымызда алдымен әлем чемпионаты мен Гран-при турнирі бар. Жарыс аясында Алматыда оқу-жаттығу жиындары мамыр айына дейін жүргізіледі. Содан соң, Париж Паралимпиадасына дайындығымызды одан сайын күшейтеміз.

 

  • Токиода өткен Паралимпиада ойындарына қатыстыңыз. Енді міне, Париж Паралимпиадасына жол тартасыз. Осы жылдар арасында қандай өзгерістер орын алды?

 

  • Екі дүбірлі доданың айырмашылығы 3 жылды құрайды. Өздеріңіз білетіндей, әлемді жайлаған коронавирус індетінің салдарынан жоспарланған сайыстардың өту кестесі де өзгерді. Сол жылы өзімді алғаш рет ауқымды бәсекеде сынаған едім. Техникалық, физикалық тұрғыдан тәжірибем қазіргідей болмады әрине. Бапкерлердің арқасында шеберлігім шыңдалуда. Барымды салуға тырысамын.

 

  • Жолдама алған кездегі сәтке оралайық. Қандай әсерде болдыңыз?

 

  • Оған дейін Өзбекстанда өткен оқу-жаттығу жиындарында бел жарақатын алған едім. Болмашы зақым болар деп ойлап жүргенде, ауруын қоймай қойды. Алдымызда Париж күтіп тұр еді. Оған қарамастан, қажетті ем домымды алып, жаттығуға барып жүрдім. Шыны керек, көңілімді күптеткен алаңға толы кездер еді. Сол кездегі сезімдерді айтып жеткізе алмаспын. Құдды бір басқа әлемге түсіп кеткендей сезімде боласың.

 

  • Әлем чемпионатындағы басты қарсыластарыңыз кім? Париждегі Паралимпиада ойындарында ше?

 

  • Қарсыластарымның осалы жоқ. Бәрі де ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеге жеткен, өз елінің мықты спортшылары. Солардың қатарында Германия, Тунис, Мексика елдерінің азаматтары да бар. Оларды құрметтейміз, жарыстан тыс дос ретінде де жақсы араласамыз.

 

  • Физикалық дайындықтан бөлек, психологиялық дайындықтың маңызы зор екенін білеміз. Қобалжу бар ма?

 

  • Иә, оған да көңіл бөлу керек. Былайша айтқанда, өз-өзіме психологпын деуге болады. Өзімді іштей дайындап, қорықпауға үйреттім. Қалай болады, не болады деп жаныңды жегідей жесең, әсерін тигізеді әрине. Спортшы үшін қобалжудың болуы қалыпты жағдай. Бірақ мен – дайынмын!

 

Бапкері мықтының бағы жанады демекші, спортшының көрсеткен деңгейі жаттықтырушыға да, оқу-жаттығу жиындарын өткізу барысында ел намысын қорғайтындарды жұмылдыратын команда басшысына да тікелей байланысты.

 

«Дастан Мұқашбеков – Париж Паралимпиадасында жеңіске үміт күттіретіндердің қатарында. Ханчжоуда өткен Азия Пара ойындарында Азия рекордын орнатқан мықтының бірі. Африка, Азия континенттерінің мен мен деген спортшыларымен бәсекеге түсуде ұдайы дайындық жүргізіп келеміз. Японияда өтетін чемпионатқа да лицензияға үміт бар», – деп тілек білдірді  Дене мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналғана спорттық даярлау орталығының пара жеңіл атлетикадан команда бастығы Мәулен Нәсіпқали.

 

Байрақты бәсекеге қатысушы ел үмітін ақтайтын мақтаныштарымызға алдағы әлем чемпионаты мен Париж-2024 Паралимпиада ойындарына сәттілік тілейміз! Алға, Қазақстан!

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

1 × 2 =