ШЫМКЕНТТЕ ДЕНЕ МҮМКІНДІКТЕРІ ШЕКТЕУЛІ ТҰЛҒАЛАР АРАСЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СПАРТАКИАДА ЖАРЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

ШЫМКЕНТТЕ ДЕНЕ МҮМКІНДІКТЕРІ ШЕКТЕУЛІ ТҰЛҒАЛАР АРАСЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СПАРТАКИАДА ЖАРЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ


Шымкентте осы күндері тірек-қимыл аппараты мен көру қабілеті бұзылған спортшылар арасында Қазақстан Республикасының VI Спартакиадасы өтуде. Оған еліміздің өңірлерінен 300-ден астам спортшы қатысуда. Жарыс 25 қыркүйекке дейін жалғаспақ

Бағдарламаға сәйкес қатысушылар дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, паракаратэ және арбада билеу сынды паралимпиадалық емес спорт түрлерінен жарысады.

Дойбы жарысы «64» және «100» ойындары бойынша  7 турдан тұрады. Оған еліміздің 17 өңірінен 80-нен астам спортшы қатысуда.

Дәл осындай дүбірлі додаға еліміздің 16 өңірінен бас қосқан спортшылар шахматтан  бақ сынасуда. 7 турдан тұратын жарыста көру қабілеті төмен ойыншылар мен  тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында бөлек өтуде. Сонымен қатар,тоғызқұмалақ ұлттық ойынына еліміздің 15 өңірінен келген спортшылар қатысуда.

Пара-каратеден  жекпе-жектер 22 қыркүйекте Шымкент қаласындағы жоғары спорт шеберлігі мектебінің спорт залында өткізілмек. Жарысқа Нұр-сұлтан, Шымкент қалаларының және Атырау, Ақтөбе облыстарының спортшылары қатысады. Алдын ала және финалдық жекпе-жектер барлық санаттар бойынша болмақ.

Спорттық мерекенің сән-салтанаты болған арбада отырып билеу сайысы, 10 номинация бойынша өтуде. Олар:  комби еркін, комби еуропалық, комби латина, комби фристайл, дуо, дуо латина, дуо фристайл, сингл және сингл фристайл. Биге еліміздің 13 өңірінен келген  50-ден астам спортшы өнер көрсетуде. Аталған би жарысы «Түркістан Сарайы» мәдениет үйінде, үстел ойындары  «Көрме» орталығында өтуде.

Айта кетейік, Спартакиада жарыстары үш кезеңде өткізіледі. Алдымен аудандық деңгейде, кейін қалалар мен облыстарда және қорытынды тур республикалық деңгейде. Спартакиаданы өткізудегі маңызды міндет еліміздің құрама командаларына дарынды спортшыларды іріктеу болып табылады. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің атынан диплом, медальдар және арнайы кубоктармен марапатталатын болады.


Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

eight + 12 =