«Біздің көздейтініміз табыс емес, ұлттық намыс» Нұржан Асан – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

«Біздің көздейтініміз табыс емес, ұлттық намыс» Нұржан Асан


Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын Сурдлимпиада ойындары биыл Бразилияның Кашиас-де-сул қаласында өтті.  Мамырдың 1-15 аралығында өткен ойындар қазақстандық спортшылар үшін олжалы болды. Қоржында 28 медаль, оның ішінде 3 «алтын», 7 «күміс» және 18 «қола».

Он бес күн бойы жүлдегерлер әлеуметтік желілерде Бразилиядағы шуақты күндері жайлы жазып, қызықты суреттерін салып, қуанышымен бөлісті. Солардың арасында  бір спортшы ерекше көзге түсті. Ол грек-рим күресінің ең жас спортшысы, Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері – Нұржан Асан. Жалынды жас спортшының әрбір посты мен сторисі елге деген сүйіспеншілік пен ұлтжандылыққа толы екендігін байқап, тәнті боласын. Нұржанның «Біздің көздейтініміз табыс емес, ұлттық намыс» деген whats app мессенджеріндегі статусы осыған дәлел. Кеудеде намыс, көзінде от ойнаған спортшымен жақын танысу мақсатында онлайн кездесіп, сұхбат өткіздік.

Сәлеметсізбе, Нұржан! Сурдлимпиада ойындарында үшінші орынға қол жеткіздіңіз, құтты болсын! Жеңіс туралы сезіміңіз қандай?

Рахмет, бұл барлығымызға ортақ жеңіс. Қуанышымда шек жоқ. Жалпы небір ақын, жазушы болмасын жеңістін дәмін жеткізе алмас. Бұл бір керемет сезім. Әрине әрбір спортшының басты арманы Олимптің шыңын бағындыру. Осы жолы мен қола медаль алдым, бірақ келесі Сурдлимпиада ойындарында алтын болатындығына сенімдімін.

Сурдлимпиада ойындарына дайындығыңыз қалай болды? Нәтиже ойыңыздан шықтыма?

Әр оң нәтиже артында үлкен еңбек жатыр. Осы Сурдлимпиада ойындарына ұзақ дайындалып, талай оқу-жаттығу жиындарына қатысып, сақадай сай келдік десек те артық болмайды.

Жалпы спортта өз ұстанымым бар – егер дайындық залында мені жеңе алатын спортшы болмаса, ол залда мен дайындалмаймын. Өйткені сенің дәрежеңнен асып өтетін қарсылас болмаса, ол залда сен өспейсің. Сондықтан оқу-жаттығу жұмыстарын өзге қалаларда өткізуге тырыстық.

Грек-рим күресімен қашаннан бастап айналасып келесіз? Неліктен бұл спорт түрін таңдадыңыз?

Мен спортқа алғаш рет 2013 жылы келдім. Грек-рим күресі мен үшін нағыз жігіттерге арналған спорт. Бұл спортта үлкен күш пен қайрат керек.

Спорттағы жетістігіңіз үшін кімге алғыс айтар едіңіз?

Спортшыға жетістікке жету үшін білікті жаттықтырушы керек. Менің жолым болып, грек-рим күресінен ең бірінші жаттықтырушым Исмаилов Ринат ағай болды. Ринат ағайдың артқан сенімі, тәрбиесі мен бағыт-бағдары талай спортшыны жеңіске жеткізді. Онымен қоса, қазіргі жаттықтырушым  Қонысбаев Ерназар ағайға да алғысым шексіз. Ерназар аға біліктілігімді арттырып, жаңа биіктен көрінуіме жол көрсетті.

Алдағы уақытқа жоспарыңыз қандай?

Үлкен спортта жүргеннен кейін өткен күннен сабақ алып, алға жоспар құру біздің парыз. Біз үшін Сурдлимпиада ойындары өтті-кетті, біз оны енді еске алмаймыз. Ендігі жоспар 2023 жылы өтетін әлем чемпионатына тапжылмай еңбек етіп, үлкен жетістікке жету. Одан кейін алдағы Сурдлимпиада ойындарында қазақ елінің үмітін арқалап, көк туды желбірету арман емес мақсат десек те болады.

Спортта жетістікке жету үшін бастысы не керек деп ойлайсыз?

Темірдей тәртіп, сапалы білім және жүйелі дайындық керек. Оған қоса, қазіргі спортшылардың рухани тәрбиесі мықты болу керек. Рухани қорексіз спортшының ынтасы түсіп, күш-жігері бұрыс бағдармен кетіп, толыққанды өз потенциалын аша алмайды деп санаймын.

 

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

fifteen − eleven =