Биыл маусым айында пара жеңіл атлетикадан Гран-при сериялары өтеді. Жарысқа дайындалу мақсатында қазақстандық спортшылар Қырғызстанның Ыстықкөл облысында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.
Жиын пара жеңіл атлетикадан бас жаттықтырушы Тахир Мамашев пен аға жаттықтырушы Александр Тиховскийдің басшылығымен өтуде.
Гран-при Франция астанасы Парижде 6-11 маусымға жоспарланса, екінші Гран-при Тунисте 23-30 маусым аралығында өтпек.
«Қазір спортшылар Ыстықкөл жағалауында тиісті дайындықтарын жүргізуде. Осы аймақтың климаттық ерекшелігі, жарыс өтетін елдің климатына атлеттеріміздің алдын ала бейімделуіне мол ықпалын тигізбек. Спортшыларымыздың жеңіске деген құлшынысы, жаттығудың сапалы орындалуынан көрініп тұр. Әр спортшымыз жеңіске лайық. Өткізіп жатқан дайындықтар, өз жемісін береді деп күтеміз», – деді Дене мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының аға жаттықтырушысы Александр Тиховский.
Жиында еліміздің 6 спортшысы дайындалуда: Салтанат Әбілхасымқызы, Руфат Хабибулин, Иван Залезняк, Сергей Харламов, Еламан Жоламан және Мейіржан Мақшат.
Дайындық басты серіктес «SportQory» қолдауымен өтті.