Париж-2024 Паралимпиада ойындарына 100 күн қалды: Астанада волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама мен Бразилия арасында жолдастық матч өтті – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Париж-2024 Паралимпиада ойындарына 100 күн қалды: Астанада волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама мен Бразилия арасында жолдастық матч өтті


Елордада «Париж-2024» Паралимпиада ойындарына 100 күн қалуына» орай волейболды отырып ойнаудан Қазақстан мен Бразилия арасында жолдастық матч өтті. Аталған шара «Хан Шатыр» сауда кешенінің орталығында ұйымдастырылды.

 

Төрт жылда бір өтетін дүбірлі доданың басталуы қарсаңындағы шараға Туризм және спорт вице-министрі, Бразилия елшілігі мен Қазақстан спорт басқармасының қызметкерлері және ойын сауық орталығының қонақтары жиналды.

 

Спортшылардың өзара тәжірибе алмасып, жарысқа дайындығын қорытындылау мақсатында өткізілген шараның шымылдығын Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев ашып, спортшыларға сәттілік тіледі.

«Пара волейбол спорты еліміздің барлық өңірлерінде қарқынды дамып отырған спорт түрлерінің бірі. Ұлттық құрама халықаралық жарыстарда жүлделі орындарды иеленуде. Отандастарымыз 2023 жылы Ханчжоудағы пара Азиада ойындарының және Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Сонымен қатар, Қазақстан құрамасы осы жылы Париж қаласында өтетін Паралимпиада ойындарына жолдама алды. Осындай лицензияны жеңіп алған Бразилия құрамасының спортшылары елордамызға байрақты бесекеге жан-жақты дайындалу мақсатында  келгеніне қуаныштымыз.

Бүгінгі матч достық пен бірліктің нышаны болып, ел спортшыларына алдағы додаға шабыт берсін. Бірге жанкүйер болайық!», – деді вице-министр.

Тартысты бәсеке барысында 3:1 есеппен Қазақстан құрамасы жеңіске жетті. Өз кезегінде, Бауыржан Тахауов пара волейболшылардың бүгінгі ойынына қатысты пікір білдірді:

«Бүгін өз алаңымызда бразилиялық команданы қабылдадық. Бұл матч паралимпиада ойындарына жақсы дайындық болды, жанкүйерлердің қолдауын тағы да сезіне алдық. Осылайша команда мүшелері елдің артқан үмітін  екі есе арқалап, дайындықты одан сайын күшейтпек. Бразилиялық әріптестеріміз де осал емес. Жетістіктері де жетерлік. Олар Панамерикандық чемпионаттың жүлдегерлері әрі Иран құрамасынан кейін әлемдік рейтингте 2-орында тұр», – деп қорытындылады бас бапкер.

Айта кетейік, Париж-2024 Паралимпиада ойындары 28 тамыз – 8  қыркүйек аралығында өтеді. Қазіргі таңда елімізде 12 лицензия бар. Ұлттық құрама спорттың 9 түрінен ( пара каноэ, пара пауэрлифтинг, пара жүзу, пара таеквондо, пара оқ ату, пара жеңіл атлетика, пара дзюдо, пара үстел теннисі және волейболды отырып ойнаудан) бақ сынайды.


Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

three × 4 =