Түркияда XX-шы қысқы Сурдлимпиада ойындары басталды – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Түркияда XX-шы қысқы Сурдлимпиада ойындары басталды


2-ші наурызда Түркияның Эрзурум қаласында XX-шы қысқы Сурдлимпиада ойындары басталды. Дүбірлі додаға 36 мемлекеттен 1000-ға жуық спортшы қатысады.  Жарыста  тау шаңғысы, сноуборд, шаңғы жарысы, шахмат, футзал және керлинг спорт түрлерінен 34 комплект медаль ойнатылады.

Қазақстан тарапынан осы қысқы ойындарға шахмат, сноуборд және шаңғы жарысынан  26  спортшы қатысады.

«Биыл Қазақстан Республикасы қысқы Сурдлимпиада ойындарына осымен үшінші мәрте қатысқалы отыр. Спортшыларымыз жарыстың алдында Щучинск және Алматы облысында оқу-жаттығу жиындарынан өтіп, қысқы ойындарға тыңғылықты дайындықпен келді. Ұлттық құрама үшін алғашқы сайыс ертен блиц шахматтан және шаңғы жарысынан басталады. Спортшыларымыз аталмыш додада лайықты өнер көрсетіп, ел қоржынын Сурдлимпиада ойындарының медалімен толықтырады деп сенемін»,– деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының директорының орынбасары Өмірзақов Әділхан Болатханұлы.

Ашылу салтанаты 2024 жылғы қысқы Сурдлимпиада ойындары ресми түрде басталғанын білдіреді. Салтанатты шарада еліміздің туын шахматтан әлем чемпионатының қола жүлдегері Сұлтан Қожахметов ұстап шықты.

«Бұл менің алғашқы Сурдлимпиада ойындарым. Осындай үлкен жарыста  еліміздің туын ұстап шығу мен үшін мәртебе. Сенім артқан Спорт комитетіне, Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығына, Ұлттық Сурдлимпиада комитетіне және барлық қазақстандықтарға алғысымды сөзбен емес, іспен дәлелдеуге тырысамын», – деді Сұлтан Қожахметов.

Айта кетсек, Сурдлимпиада ойындарына есту қабілеті зақымданған спортшылар қатысады. Жарыс алдында спортшылар аудиограммадан өтіп, қойылған талаптарға сай келетіндігін дәлелдеу қажет. Қысқы ойындар 12 наурызға дейін созылады.


Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

five × 1 =