Германияда пара жүзуден әлем Кубогының сериясы өз мәресіне жетті. Жарыста қазақстандық спортшылар жеңіс тұғырынан көрінді. Қазақстандық спортшылар 4х100 метрге комплексті жүзу эстафетасында 5:34,36 секунд уақытты көрсетіп, күміс жүлдені еншілесе, 4х50 метрге аралас эстафетада 2:36,39 секунд нәтижесімен қола жүлдегер атанды.
Эстафеталық қашықтықтарда жерлестеріміз Алина Синельникова, Нурали Советканов, Сиязбек Далиев, Амир Муратбеков және Алина Дубинина өнер көрсетті.
Жарыста қазақстандық Сергей Кинах 200 м брасста және Алина Дубинина 50 м брасста Азия рекордын жаңартты.
Айта кетсек, пара жүзуден әлем Кубогының сериясы Берлин қаласында мамырдың 11-14 аралығында өтті. Жарысқа 50 мемлекеттен 400-ден астам спортшы қатысты.