Айдындағы айбынды Тарландар – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Айдындағы айбынды Тарландар


Пара хоккей құрамасы Әлем Чемпионатына дайындық жаттығуларын қарқынды жүргізуде

 Қазақстанда пара хоккейден жасақталған ұлттық құрама 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Арада санаулы жылдар өтсе де спортшыларымыздың ауыз толтырып айтатын жетістіктері жетерлік. Осыдан 2 жыл бұрын Бангкокте өткен Әлем Чемпионатында С дивизионында өнер көрсетіп, нәтижелі 2-орынға қол жеткізген еді. Доданың қорытындысы бойынша, ұлттық құрама В сатысына көтерілген болатын. Осы ретте, олардың кезекті Әлем Чемпионатына дайындықтары қалай өтіп жүргенін көру үшін «Тарлан» мұз алаңына арнайы барып қайттық.

Спорт кешеніне кірген бетте жеңістің асқақ рухы мен қайсар мінездің көрінісі көз алдымызға келді. Жарыс қарсаңында әр минуттың маңызды екенін следж-хоккей өкілдерінің шапшаң қимылдап, мұз алаңына асыққанынан көруге болады. Өздерін еркін, жеңіл ұстайды. Сырт көзге солай көрінеді әрине. Әйтсе де, өзімді  пара хокккейші рөлінде сынап, байқап көрдім. «Шайба лақтырып, қақпаға соғамын» деп көздеген мақсатым алаңға кіргенде бірден сейіле кетті. Шанаға отыра салысымен тепе-теңдікті ұстаудың өзі қиынға соқты. Сырғытпа таяқпен сырғып жүріп, шайба туралы ойламаппын да. Басты мақсат-мұзға құламау болды. Алаң жолағынан алыстағанша, тарландарымыз бірнеше мәрте сырғып, өздерінің шеберлігін шыңдап жүрді. Бұл спорт-концентрацияны талап етеді.

«Маңызды матчтар алдында жаттығу жұмыстары азаяды. Өйткені, ағзаға демалыс керек. Күніне 2 мәрте дайындалсақ, жарыс алдында 1 рет жаттығамыз. Коньки тепкендіктен, тепе-теңдікті сақтау маған қиындық тудырмайды»,-дейді шабуылшы Айдос Тоқтарбаев.

Алып анадан туады. Бірақ сол алыпты бәйгеге баптап, қайсарлық пен табандылықты бойына дарытатын ол-бапкері. Сонымен қатар, парахоккейшілердің жаттығуын қадағалап жүрген Тимур мырзамен сұхбаттасудың да сәті түсті. Мінезі ашық, ойы тұшымды адам екен. Спорт кешеніне кірген бойда жаттығу барысы туралы айтып, біраз әңгіменің басын қайырды. Спортшыларды жақынындай танып біледі. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген, Айдостың қабілеттерін бапкері де мақтана айтып өтті.

«Айдос біздің интеллигент. Жанибектарханды Джонни, кейде Гарри Поттер дейміз. Айнымайды. Жүзуден Еуразия универсиадасының жүлдегері»,- деді ол.

Әрі қарай, әңгімеге тұздық болсын деп сөзін жалғады.

«Бәрі Алланың қалауы ғой. Тайландқа өту үшін екінші қақпашы болуы керек. Ал біздің командада ол жоқ еді. Бағымызға орай, командамызға Олег қосылды. Өзі футбол жаттықтырушысы. Бұл-тағдыр. Бәрі бекер емес.

Біз бір ұжымбыз. Құрама сапындағы спортшылар өзгерген жоқ. Спортқа деген көзқарас өзгерді. Өзіңнің кім екеніңді, не істеп жүргеніңді ұғындырады. Спортшылар кәсібиліктерін шыңдауда. Физикалық дайындық пен тактикамен қатар психологиялық дайындық бірінші орында»,-деп ағынан жарылды бас бапкер Тимур Бикситов.

 

Автор: Қуанышева Диамара Қуанышқызы

 

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

two + 9 =