Ерғали Шамейдің өміріне негізделген «Үміт сәулесі» фильмінің премьерасы Астанада өтті – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Ерғали Шамейдің өміріне негізделген «Үміт сәулесі» фильмінің премьерасы Астанада өтті


Астанада пара дзюдодан әлем чемпионы-Ерғали Шамейдің өміріне негізделген «Үміт сәулесі» қысқаметражды фильмінің жабық премьерасы көрермен назарына ұсынылды. Бұл фильм өз аудиториясын бес жылға жуық уақыт күткен.

 

Жаттықтырушының шай басында айтылған оқиғасы түрткі болған бұл жобаға отыздан аса кәсіби маман жұмылдырып, екі апта көлемінде түсірілім жүргізілген.

Оқиға желісі жүлдегердің өз өмірінен алынған. Отбасын асырау үшін базарда жүк тасып жүрген болашақ спортшының ептілігі мен күреске икемділігін сауда жасауға келген күрес жаттықтырушысы байқаса керек. Сырт көзге тұйық мінезді болып көрінгенімен, жауынгерлік рухы бірден сезіледі. Бастапқыда спортшыны бапкердің ұсынысы қызықтырмайды. Кейіннен тәуекелге бел буып, алғашқы жаттығуына барған қайсар адам бүгінде Париж-2024 Паралимпиада ойындарына жолдама алуға үміткер қатарында.

«Сарыарқа» сауда орталығында ұйымдастырылған шара «Паралимпиада спортшыларының күш қуаты» атты фотокөрмеден басталды. Бір суретпен қалың жұртшылықты сүйсіндіріп, жігер сыйлағаны да сөзсіз. Қасиетті Рамазан айына тұспа-тұс келген эксклюзивті премьераның көрсетілімінің алдында кеш қонақтарына «Tagam» асханалар желісінің қолдауымен ауызашар да ұйымдастырылды.

 

«Үміт сәулесі» қысқаметражды фильмін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Dala cinema компаниясы түсірген. Бұл продюсердің алғашқы қысқаметражды туындысы болып келеді.

«Көрерменге шынайы эмоцияны шақыру қиын. Ал оны алғашқы жобада көрсету екі есе қиын болды. Фильм бес жыл бойы әбден иіні қанып, содан кейін ғана көпшілікке ұсынылды. Сондықтан болар бойымызда қобалжу болғанын жоққа шығара алмаймыз», – дейді  бас продюсер Жалын Тілеуберген.

Музыка мен дыбыстардан үйлесімділік тапқан фильм «Живая камера» тәсілімен түсірілген. Көгілдір экранның ар жағындағы қауымға боз кілемдегі көріністің атмосферасын, кейіпкер мінезі мен ішкі сезімдерін жеткізу үшін әртүрлі детальдар қолданылған. Осы тұста басты рөлді сомдаған Назар Сұлтанбаевтың актерлік шеберлігін де атап кеткен жөн. Әлем чемпионының қайсарлығын, боз кілемдегі ерекше рухын көрсете алуы үлкен талант.

Шынайы оқиға желісінен алынған фильмнің басты мақсаты – пара спорт рухын көтеріп, лайықты деңгейде назар аудартып қана қоймай, өмір қиындығымен бетпе-бетпе келгендерді жігерлендіру.

Көркем фильм Африканың Кения еліндегі кинофестивалінде топ жарып, бас жүлдеге ие болған. Сонымен қатар, BCN FILM Barcelona кинофестивалінде де көрсетілген.

Жабық көрсетілім көрермен жүрегінен орын алып, ұмытылмас эмоция қалдырғаны да анық. Осы тұста спортшының бас жаттықтырушысы Дәурен Оразов «Ерекше сезімдемін. Бойында мысы мен еңбекқорлығы бар жігіт. Көптеген адамға нағыз мотивация бола алды»,-деп өз әсерімен бөлісті.

«Осындай мотивациялық фильмдер көп түсірілсе екен»,-деп ниет білдіргендердің қарасы көп. Кеш соңында фильмнің телеарнадан көрсетілуіне күш салынатыны туралы сөз қозғалды.

Автор : Диамара Куанышева

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

3 × 3 =